
Бақтиер соңғы ойындарда бірнеше қателік жіберген.
«Спартактың» бұрынғы президенті Андрей Червиченко Ресей премьер-лигасының 11-турында өткен «Динамо» мен «Локомотив» арасындағы (3:5) матчта қателік жасаған қазақстандық қорғаушы Бакитер Зайнутдинов туралы пікір білдірді.
«Керемет матч болды, сенбінің кешіне арналған нағыз тартысты ойын. Осындай кездесу ЦСКА мен «Спартак» арасында да болса екен деймін. Бірақ Зайнутдиновтің ойыны құлдырап кетіпті. Тіпті «Динамоның» жеңілісіне себеп болды. Екі гол оның қателігінен соғылды. Нәтиже әділ. Тек бір күмәнді сәт – «Динамо» қақпасына белгіленген пенальти», - деді Червиченко.
Ұлттық құрама мүшесі Бақтиер Зайнутдинов та ойыннан кейін өз ойын білдірді:
«Локомотивтің» ұйымдастырған шабуылдарының бәрі голға айналды. Үш голды өзіміз «сыйладық». Бес гол өткізуге болмайды, Мұндайға жол бермеу керек едік. Әрине, соңғы матчтарда екі қателік жібердім, бұған келісемін. Бірақ мені қай позицияға қойса, сол жерде ойнаймын. Ең бастысы – командаға пайда тигізу. Қазір қорғаныста ойынды реттеуіміз керек, бұл бірінші кезектегі мәселе», - деді Зайнутдинов.
Ол сондай-ақ «Динамоның» маусымдағы үздік ойыны ретінде осы кездесудің бірінші таймын атады, бірақ әлі де қорғаныста жұмыс істеу қажеттігін мойындады.
Бұл матчтан кейін «Локомотив» 23 ұпай жинап, РПЛ кестесінде көш бастады. Ал «Динамо» 15 ұпаймен сегізінші орында қалды.
Айта кетейік, Бақтиер Зайнутдинов 2025 жылдың шілде айында «Бешікташ» клубынан Мәскеудің «Динамосына» ауысқан болатын.