
Қазақстандық шабуылшы жаңа клуб іздестіріп жатыр.
Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетовтың келешегі жайында оның агенті Траян Гергишан мәлімдеме жасады.
«Абаттың жағдайы ерекше. Қазір бірнеше ұсыныс бар, бәрін мұқият қарастырып жатырмыз. Ең тиімді шешім қабылдағымыз келеді. Иә, біз жақында Түркия, Румыния, Иран және Парсы шығанағы елдерінің клубтарымен келіссөз жүргіздік», – деді агент.
Агенттің айтуынша, футболшының жеке өмірінде де, денсаулығында да ешқандай мәселе жоқ.
«Оның отбасы немесе жеке өміріне қатысты қиындықтар жоқ. Қазір бәрі жақсы. Бізге тек нақты шешім қабылдау қалды. Абат бабында және жаттығуын жалғастырып жатыр», – деді Гергишан.
Абат Айымбетов соңғы рет 2025 жылдың мамыр айында түріктің «Адана Демирспор» клубы сапында алаңға шыққан болатын.
37 кездесуде ол 6 гол соқты.