
Мюнхеннің «Бавария» клубының шабуылшысы Харри Кейнге Сауд Арабиясының клубы жылына 100 миллион еуро жалақы ұсынған.
Белгілі футбол сарапшысы Кристиан Фальктің мәліметінше, Сауд Арабиясының «Әл-Хилаль» клубы Кейнге үш жылдық келісімшарт ұсынып, оның жалпы құны 300 миллион еуро болмақ еді. Келіссөздер ағылшын ойыншысы «Баварияға» ауысуға дайындалып жүрген сәтте жүргізілген. Саудиялық клуб трансферді тоқтатуға тырысқанымен Кейн өз мансабын Еуропада жалғастыруды таңдады.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, ағылшын жұлдызы қаржылық мүмкіндіктерге емес, спорттық мақсаттарға басымдық берген. Ол әлі де Еуропаның жоғары деңгейлі футболында ойнап, үлкен жетістіктерге жетуді көздейді.
Қазір Харри Кейн «Баварияның» негізгі шабуылшысы ретінде өнер көрсетіп жүр. Жақында ол клуб тарихындағы ең жылдам 100 гол соққан ойыншы атанды — ағылшын форвардқа бұл межеге жету үшін бар-жоғы 104 матч қажет болды.
Жазда 32 жасқа толатын Кейн мюнхендік клубтың шабуыл шебіндегі басты тұлғасы болып қала береді. Ол әзірге басқа чемпионаттарға ауысу туралы ойламайтынын және қаржылық тұрғыдан үлкен ұсыныстарға қарамастан спорттық мақсатты бірінші орынға қоятынын білдірді.