
Қазақстан ұлттық құрамасына Михал Пробеж бас бапкер болып келеді деген ақпарат шындыққа жанаспайды.
Бұл туралы ресейлік спорт журналисі Владимир Жарков өзінің арнасында мәлімдеді.
«Қазақстан құрамасының бас бапкері туралы жаңа инсайд бар. Бірақ бұл жолы — теріске шығаратын сипатта.
Менің деректерім бойынша Михал Пробеж Қазақстан құрамасында болмайды – 100%. ҚФФ мен польшалық маман арасында ешқандай келісім болған жоқ.
Бұл – Польшаның кейбір БАҚ-тарының жалған ақпараты, мүмкін, жұмыссыз жүрген Пробеждың өз қатысуымен ұйымдастырылған ақпараттық шу», – деп жазды Жарков.
Қазақстан Футбол федерациясы (ҚФФ) әзірге бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ. Дегенмен инсайдерлік мәліметтерге сүйенсек, федерация бас бапкер лауазымына бірнеше кандидатураны қарастырып жатыр.
Михал Пробеж — 51 жастағы поляк маман. Бұған дейін ол Польша жастар құрамасын, сондай-ақ бірнеше жергілікті клубты жаттықтырған.
2025 жылдың маусымынан бері жұмыссыз жүрген бапкер қазір жаңа команда іздеуде.