Кенжебек пен Қасым УЕФА таңдаған үздіктер қатарына енді

Сарапшы, спорт журналисі

2026 жылғы ӘЧ іріктеу кезеңінің 7-турынан кейін екі қазақстандық футболшы Ғалымжан Кенжебек пен Әлібек Қасым ерекше жаңалық алды. Оларды УЕФА аптаның үздік құрамына енгізді. 

Кенжебек пен Қасым УЕФА таңдаған үздіктер қатарына енді
Instagram/@kff_team

Қос ойыншысымыз — турдың үздіктері

«Елімай» ФК шабуылшысы Ғалымжан Кенжебек пен «Ақтөбе» қорғаушысы Әлібек Қасым 7-турдың ең үздік ойыншылары қатарынан табылды.

Олармен бірге бұл тізімге әлем футболының жұлдыздары — Килиан Мбаппе (Франция), Марк Арнаутович (Австрия), Коди Гакпо (Нидерланд) және Йозуа Киммих (Германия) сынды танымал ойыншылар да енді.

Қазақстан – Лихтенштейн: сенімді жеңіс және жарқын ойын

Астанада өткен Қазақстан – Лихтенштейн кездесуінде алаң иелері 4:0 есебімен жеңіске жетті.

Ойынның басты кейіпкерлерінің бірі Ғалымжан Кенжебек дубль авторы атанып, бір нәтижелі пас берді. Ал Әлібек Қасым қарсылас қақпасына бір гол соғып, қорғаныста сенімді ойынымен көзге түсті.