Месси «Интер Майами» үшін хет-трик жасады
АҚШ-тағы Major League Soccer (MLS) турнирінің соңғы турындағы «Нэшвилл» – «Интер Майами» ойыны нағыз гол фестиваліне айналды.
Аргентиналық жұлдыз тағы басты кейіпкер атанды
Кездесу Нэшвилл қаласындағы «GEODIS Park» стадионында өтті. Қонақтар қатарындағы «Интер Майами» клубы қарсыласын 5:2 есебімен ойсырата ұтты.
Аргентиналық сұрмерген Лионель Месси осы ойында хет-трик авторы атанды. Сонымен қатар оның еншісінде бір нәтижелі пас бар. Ал командаластары Бальтасар Родригес пен Теласко Сеговия бір-бірден доп соғып, жеңісті нықтай түсті.
«Нэшвиллдің» голдары
Алаң иелері сапынан Сэм Сарридж және Джейкоб Шаффельбург көзге түсті. Алайда бұл олардың жалпы есепті өзгертуге жеткіліксіз болды.
Бұл кездесу MLS-тің тұрақты маусымындағы соңғы тур болатын. Нәтижесінде «Интер Майами» 34 ойыннан кейін 65 ұпай жинап, Шығыс конференциясында 3-орынға тұрақтады. «Нэшвилл» 54 ұпаймен 6-орынға ие болды.