Түркия футбол федерациясының кәсіби футбол жөніндегі тәртіптік кеңесі 40-тан астам төрешіні спорттық бәс тігумен айналысқаны үшін жазалады. Олардың бірі небәрі бірнеше жыл ішінде 18 227 мәрте бәс тіккені анықталған.
CNN Türk мәліметінше, тергеу барысында 42 төреші кемінде мыңнан астам бәс тіккені белгілі болды.
Федерация деректеріне сәйкес төрешілердің жартысынан көбі букмекерлік кеңселерде жеке есепшот ашқан. 152 төреші соңғы бес жылда белсенді түрде бәс тіккен.
Бұл мәліметтер Түркия футболындағы адалдық пен әділдікке деген сенімге үлкен соққы болды.
Тәртіптік кеңес шешімімен төрешілер 8 айдан 12 айға дейін ойындардан шеттетілді.
Бірқатар арбитрге қатысты тергеу әлі де жалғасуда.
ФИФА мен УЕФА ережелеріне сәйкес, футбол төрешілеріне кез келген букмекерлік бәс тігуге қатаң тыйым салынған.
Мұндай әрекетке барғандарға өмір бойына дисквалификация, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупі төнеді.