Ағылшын футболының аңызы португал жұлдызын бапкер ретінде елестете алмайтынын ашық айтты.
Ағылшын футболының аңызы Дэвид Бекхэм Криштиану Роналдудың футболшы ретіндегі мансабынан кейінгі өмірі туралы ойын айтты. Оның пікірінше, португал жұлдызы бапкер болмайды, өйткені Роналдудың амбициясы бұдан әлдеқайда жоғары.
Бұрынғы «Манчестер Юнайтед» және Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Дэвид Бекхэм Tribal Football басылымына берген сұхбатында Роналдудың болашағы туралы ашық пікір білдірді.
«Мен Роналдуды бапкер ретінде елестете алмаймын. Ол мұндай адам емес. Оның мінезі, амбициясы және энергиясы мүлде басқа бағытқа бағытталған. Криштиану әлемді бағындырғысы келеді. Ол — бизнесмен, көшбасшы және өзінің империясын құруға дайын тұлға», — деді Бекхэм.
Футболшының айтуынша, Роналду үшін футбол тек мансап емес, ол өзінің брендін ғаламдық деңгейге көтеруді көздейді.
Айта кетсек, Роналду мен Бекхэмнің мансаптық жолдарында ұқсастық көп: екеуі де «Манчестер Юнайтед», «Реал Мадрид» және әлемдік брендке айналған тұлғалар.
Дегенмен, Португалия капитаны өзін Бекхэммен салыстырғанда әзілмен былай деген еді:
«Бекхэм әдемі жігіт, бірақ мен өзімді мінсіз деп санаймын. Егер екеуміз Копакабана жағажайында қатар тұрсақ, көпшіліктің назары бәрібір маған ауады», — деген Роналду Пирс Морганға берген сұхбатында.
Қызығы, 2022 жылы Бекхэм Роналдудың «Манчестер Юнайтедпен» болған даулы жағдайында португалды қолдап, оны өзінің клубы «Интер Майамиға» шақыруға дайын екенін айтқан болатын.
Алайда Криштиану ол кезде Сауд Арабиясының «әл-Наср» клубымен келісімшартқа отырып, бүгінге дейін сол команданың басты жұлдызы болып келеді. Оның келісімі 2027 жылдың жазына дейін жарамды, ал нарықтағы құны шамамен 12 миллион еуро деп бағаланады.