Бұл ойында Данил Анкудинов қосалқы құрамнан алаңға шығып, 87-ші минутта өз командасына жеңіс әкелді.
Қазақстандық шабуылшы Данил Анкудинов Испания чемпионатының бесінші дивизионы (Терсера) аясындағы оныншы тур матчында «Сеута» қосалқы командасына «Атлетико Сентральды» жеңуге көмектесті.
«Сеута Б» өз алаңында 2:1 есебімен жеңіске жетті. 44-минутта алаң иелері Гонсало Гусманның голының арқасында алға шықты. 62-минутта Хуан Антонио Санчес «Атлетико Сентраль» командасына таразы басын теңестіруге мүмкіндік берді. 73-минутта Данил Анкудинов алаңға қосылды да, 87-минутта өз командасына жеңіс әкелген гол соқты.
Еске салайық, екі апта бұрын да «Сеута Б» командасы Анкудиновтың голының арқасында жеңіске жеткен еді — ол «Дос Эрманас» қақпасына 90+6-минутта жеңіс добын соққан болатын (1:0).