Қазақстан U-21 құрамасы 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде топ көшбасшысы Словакия U-21 командасымен кездесті.
Прешов қаласындағы матчтың алғашқы минуттары өте қарқынды басталды. 2-минутта Нино Марцелли алыстан соққы жасап, доп қақпа бағанасына тиген еді. Словакия шабуылды үдете түсті, ал қазақстандық қақпашы Дулат Талыспаев бірнеше мәрте ойынға араласуға мәжбүр болды.
Бірақ қарымта шабуыл нәтижелі болып, 11-минутта Рамазан Бағдат есеп ашты.
Қазақстан бірінші таймда басымдығын сақтап қалуға тырысқанымен алаң иелерінің қысымы үдей берді.
Екінші таймның басында-ақ, яғни 52-минутта Адриан Фиала айып алаңындағы қарбаласта допты қақпаға енгізіп, есепті теңестірді. 64-минутта сол Фиала тағы да көзге түсіп, баспен дәл соққы жасап, дубль авторы атанды.
Осылайша Қазақстан U-21 құрамасы қатарынан үшінші рет жеңіліс тауып, өз тобында бесінші орында қалды. Қоржында бар болғаны 3 ұпай. Ал Словакия 13 ұпаймен топ көшін жалғастыруда.
17 қарашада Андрей Ферапонтов шәкірттері өз алаңында Молдова U-21 құрамасын қабылдайды.