Футболшылар қазан айының еңбекақысын әлі алмаған.
«Атырау» футбол клубындағы легионерлерге қазан айының жалақысы мен уәде етілген сыйақы төлемегені белгілі болды. Шетелдік футболшылар жағдай өзгермесе, ФИФА-ға ресми шағым түсіретіндерін мәлімдеді.
Олардың бірі редакцияға жүгініп, жағдайды ашық айтты:
«Барлығы білсін: „Атырау“ бізге әлі жалақы да, уәде етілген бонус та берген жоқ. Чемпионатта орнымызды сақтағанымыз үшін басшылық уәде еткен, бірақ қазір өз сөздерінен тайып отыр».
Бірнеше ай бойы тұрақсыз басқарумен және кадрлық өзгерістермен келген клубта жағдай ушығып барады.
Шетелдік ойыншылар мәселенің шешілмегенін айтып, халықаралық ұйымға шағым беруге дайын екенін жеткізді:
«Бәрі соған қарай барады. Егер клуб төлемесе, біз – легионерлер – ФИФА-ға шағым жасаймыз».
Соңғы кездері «Атырауда» тұрақсыздық байқалады. 4 бапкер ауысты, 26 матчта небәрі 4-ақ жеңіс тіркелді. Команда 13-орынға ілігіп, лигада әрең қалды.