Жаңа жылда клубтың жалпы берешегі 500 млн теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Жамбыл облысының басты футбол клубы «Тараз» кезекті рет ауыр қаржылық дағдарысқа тап болды. Команда қарызға белшеден батқан.
Aladop.kz мәліметінше, бүгінде клубтың жалпы берешегі 352 миллион теңгені құрайды. Егер бұл мәселе жақын арада шешімін таппаса, жағдайдың одан әрі күрделенуі мүмкін.
Клуб басшылығы мен жергілікті билік үшін басты фактор — уақыт. Себебі берешек Жаңа жылға дейін өтелмеген жағдайда, қарыз көлемі автоматты түрде өседі.
Қаржылық есептерге сүйенсек, берешектің ұлғаюына айыппұлдар, өсімпұлдар және басқа да міндеттемелер әсер етіп отыр.
Егер қарыз көлемі 500 миллион теңгеге жетсе, «Тараз» үшін бірқатар ауыр санкциялар қолданылуы әбден мүмкін. Атап айтқанда, трансферге тыйым салынады. ФИФА немесе Қазақстан футбол федерациясы тарапынан жаңа ойыншыларды тіркеуге шектеу қойылуы мүмкін.
Кәсіби лигаларда өнер көрсету құқығынан айырылуы да ықтимал. Сонымен қатар, турнирлік кестеден ұпай алып тастау түріндегі жаза қолданылуы ғажап емес.