Усман Камара "Астана" сапынан 2026 жылдың соңына дейін келісімшарты барына қарамастан команда сапынан кетіп қалды.
«Астана» футбол клубы гвинеялық шабуылшы Усман Камараның 2026 жылдың соңына дейін жасалған келісімшартын бұзу туралы өтінішін ресми түрде қанағаттандырды. Бұл туралы ASnews.kz хабарлады.
26 жастағы шабуылшы елордалық командадан кету туралы шешімді жалақының уақытылы төленбеуіне байланысты қабылдаған. Мәліметтерге сүйенсек, «Астана» клубы қыркүйек айынан бері футболшыларға еңбекақы төлеуде қиындықтарға тап болған. Сонымен қатар командаға қаржылай қолдау көрсететін инвестор табу мәселесі де шешілмей отыр, бұл жағдай клубтың жалпы ахуалына кері әсерін тигізуде.
Осыған байланысты Усман Камара мансабын Қазақстаннан тыс жерде жалғастыруды жоспарлап отыр. Футболшының агенттері оның болашағына қатысты бірнеше шетелдік нұсқаларды қарастырып жатқан көрінеді.
Айта кетейік, Усман Камара Қазақстан чемпионатында және өзге де турнирлерде «Астана» сапында барлығы 71 матч өткізіп, 17 гол соғып, 18 нәтижелі паспен көзге түсті. Ол команда шабуылының белсенді ойыншыларының бірі саналып, бірнеше маусым бойы клубтың негізгі құрамында тұрақты ойнады.
Бұған дейін гвинеялық шабуылшы Швецияның «Эскильстуна», Норвегияның «Волеренга», сондай-ақ Грузияның «Дила» және «Динамо» клубтарында өнер көрсеткен. Қазіргі таңда футболшының трансферлік құны шамамен бір миллион еуроға бағаланып отыр.