Санкт-Петербургтің «Зенит» клубы мен Қазақстан құрамасының қорғаушысы Нұралы Әліп Ресейде тағы бір мәрте назарға ілікті. Ресей Кубогының ресми Telegram-арнасы футболшыны туған күнімен құттықтап, оны «темір қорғаушы» деп атады.
22 желтоқсанда Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны 26 жасқа толды. Осыған байланысты Ресей кубогының телеграм-арнасы креативті құттықтау жариялаған.
Жазба авторлары Әліптің алаңдағы мінезі мен төзімділігіне ерекше тоқталып, оның «Зенит» сапында жеткен табысын да атап өтті. Құттықтаудақорғаушының 2023/24 маусымында «Зенитпен» Ресей кубогын жеңіп алғаны, сондай-ақ трофеймен байланысты әзіл-шыны аралас «беріктікке» қатысты эпизодтың болғаны айтылған.
Одан бөлек, 2025 жылы Нұралы Әліптің Ресей кубогында ойын уақыты бойынша ең көп көрсеткішке шыққаны, кей кездері «орындықта тынығып алуға» да қарсы болмағаны әзілмен жеткізілген.

Нұралы Әліп соңғы маусымдарда «Зениттің» қорғанысындағы негізгі ойыншылардың біріне айналып, тұрақты түрде көп минут алып жүрген футболшы ретінде ерекшеленіп келеді.