Облыстық мәслихат депутаттары "Ақтөбе" футбол клубын жекешелендіру мәселесі қаралған қоғамдық тыңдау өткізді.
Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.
"«Ақтөбе» футбол клубы 2020 жылы жекешелендіру тізіміне енгізілген. Биыл клубқа бағалау жүргізіліп, оның құны 364 млн 352 мың теңге деп белгіленді. Аукционда дәл осы сома бастапқы баға болады. Хабарландыру 15 күнге жарияланады. Саудаға кез келген адам қатыса алады", — деді Ақтөбе облысының қаржы басқармасының басшысы Ерік Тұрсынғалиев.
Оның айтуынша, клубтың меншігінде жылжымайтын мүлік жоқ. Балансында тек екі автобус пен кеңсе техникасы ғана бар. Қалғаны — футболшылар мен бапкерлер құрамымен жасалған келісімшарттар. Бағалау кезінде клубтың ел чемпионы атанған бес мәртелік жетістігі де ескерілген.
"Алдын ала келісімдер болған жоқ, алайда қызығушылық танытып отырғандар бар. Нақты саны қанша екенін айта алмаймын, өзіме тікелей ешкім хабарласқан жоқ. Аукцион электронды форматта өтеді. Жеңімпаз E-Qazyna платформасы арқылы анықталады. Қазіргі таңда клуб қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр, себебі қатысушылар мен жеңімпаз әзірге белгісіз. Егер жеңімпаз анықталмаса, клуб бұрынғыдай жұмыс істей береді. Ал жаңа иесі анықталған жағдайда, алдағы шешімдерді сол қабылдайды", — деп атап өтті Ерік Тұрсынғалиев.
Ақтөбе облысының әкімдігі футболды қаржыландыруды жалғастырады, алайда бөлінетін қаржы көлемі азаяды.
"2025 жылы футболға 3,5 млрд теңге бөлінді. 2026 жылы 1,9 млрд теңге қарастырылған. Үнем — 1,5 млрд теңге. Алдағы жылдары қаржыландыру біртіндеп қысқарады. Қазір біз балалар футболына басымдық беріп отырмыз. Биыл балалар академиясына 260 млн теңге бөлінсе, келесі жылы бұл сома 400 млн теңгеге дейін артады. Сонымен қатар әйелдер командасы мен футзал да назардан тыс қалмайды", — деді Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов.
Айта кетейік, «Ақтөбе» футбол клубы орталық стадионды жалға алып пайдаланады, себебі ол облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты спорт мектебінің балансында тұр. Клубтың жаңа иесі басшылықты, бапкерлік құрамды және ойыншыларды өз бетінше тағайындай алады. Алайда әкімдік тарапынан бірқатар міндетті талаптар қойылады: клубтың қызмет бағытын өзгертпеу, ел ішіндегі ресми жарыстарға қатысуды қамтамасыз ету, спорттық инфрақұрылымды ұсыну, барлық шығындар мен іссапарларды жабу. Шетелдік легионерлерге қатысты шектеулер енгізілмейді.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров футбол клубының иесі «Qazaq Stroy» компаниясының басшысы әрі құрылтайшысы Нұрлан Артықбаев болатынын хабарлаған еді.