«Астана» футбол клубының ойыншылары мен бапкерлік штабы 2025 маусымының барысында-ақ командада қаржылық қиындықтар туындауы мүмкін екенін білген.
Бұл туралы ASnews.kz сайты хабарлайды.
Дереккөз мәліметінше, маусымның ортасында клуб басшылығы футболшыларға чемпиондық қолдан шығып кеткен жағдайда қаржыландыруға байланысты мәселелер туындауы мүмкін екенін ескерткен. КПЛ-дің соңғы турында «Астананы» тек «Қайратты» жеңу ғана қанағаттандыратын еді, алайда кездесу 1:1 есебімен тең аяқталды. Нәтижесінде «Қайрат» қатарынан екінші рет ел чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды.
Айта кетейік, бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарында «Астанада» қыркүйек айынан бері жалақының кешіктіріліп жатқаны және сыйақылар бойынша қарыздардың бар екені туралы ақпарат тараған болатын.
Желтоқсан айының басында «Астана» «Астана Арена» стадионында өтуі тиіс болған оқу-жаттығу жиынынан бас тартты.
Сондай-ақ командадан көшбасшылардың бірі — гвинеялық Усман Камара кетті. Ол КПЛ-2025 маусымында 26 матчта тоғыз гол соғып, жеті нәтижелі пас берген еді.