ҚПЛ-дегі командалар санын қысқарту ұсынылды

Сарапшы, спорт журналисі

Футбол шолушысы Ермұхамед Мәулен чемпионаттағы командалар санын сегізге дейін қысқарту керек деген пікір айтты. 

ҚПЛ-дегі командалар санын қысқарту ұсынылды
instagram/@mohamed_maulen

Мәуленнің ұсынысы: 8 команда қалсын

Журналист Aman Vibe арнасында лигада клубтар азайса, сапа артады: инфрақұрылымы мығым, стадионы талапқа сай, бәсекеге қабілетті ұжымдар ғана қалады. Сонда жанкүйер әр демалыста қызықты ойын көреді деді. 

«ҚПЛ-ды 8 командаға қысқарту керек. Сонда Бірінші лига күшейеді. Демалыс сайын деңгейі жоғары матчтар көбейеді. Мысалы «Тобыл — Ақтөбе» секілді тартысты ойындар. «Ұлытау — Атырау» сияқты қызығушылығы төмен кездесулер азаяды», — деді ол. 

Лигадағы формат қандай бағытқа бет алды?

Еске салайық, өткен маусымда ҚПЛ-да 14 команда ойнады. Алайда 2025 жылғы 12 қыркүйекте Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) Атқарушы комитеті отырысында Премьер-Лига қатысушыларын 16 командаға дейін көбейту туралы шешім қабылданды.

Осылайша қазақстандық футболда бір жағынан кеңейту бағыты жүрсе, екінші жағынан сарапшылар арасында керісінше қысқарту арқылы сапаны көтеру идеясы да талқыланып отыр.