Қазақстан құрамасының вингері Ғалымжан Кенжебектің жаңа командасымен келісімшартына қатысты қаржылық мәліметтер жарияланды.
Журналист Елдар Аманбаевтың мәліметінше, Кенжебек Станислав Черчесов жетекшілік ететін ұжыммен келісімнің негізгі шарттарын толық келіскен. Дегенмен ресми келісімшартқа қол қойылған жоқ.
Аманбаевтың айтуынша, грозныйлық клубта қазақстандық футболшының жалақысы бұрынғы командасымен салыстырғанда айтарлықтай өседі.
Дереккөздің мәлімдеуінше, Кенжебек жаңа клубында «Елімайдағы» айлығынан бес есе көп табыс табады. Трансфер процесінде түрлі өзгеріс болуы мүмкін екенін айтқан журналист, бұл келісімнің жүзеге асуы ықтимал екенін де меңзеді.
«Жыл қорытындысы бойынша елдің үздік жартылай қорғаушысы расымен де Черчесов командасымен келісімнің барлық шартын келістірді. Бірақ құжатқа әлі қол қойылған жоқ. Менің мәліметім бойынша, грозныйлық клубта Годи “Елімайдағыдан” бес есе көп айлық алады», — деп жазады Елдар Аманбаев.
2025 жылғы Қазақстан Премьер-Лигасында (ҚПЛ) Ғалымжан Кенжебек «Елімай» сапында 11 матч өткізіп, 6 гол соғып, 4 нәтижелі пас берген. Осы көрсеткіштері арқылы ол команданың негізгі көшбасшыларының біріне айналды.
Бұған дейін Кенжебектің мансабын Ресей Премьер-Лигасында (РПЛ) жалғастырып, грозныйлық «Ахматқа» ауысуды таңдағаны хабарланған. Бұл клубта Қазақстан құрамасының шабуылшысы Максим Самородов та ойнайды. Ал команданың бас бапкері – ұлттық құраманың бұрынғы жетекшісі Станислав Черчесов.