Футбол скауты Яцек Кулиг X әлеуметтік желідегі парақшасында 2025 жылғы Еуропа чемпионаттарында өнер көрсеткен 21 жасқа дейінгі үздік сұрмергендердің тізімін жариялады.
Аталған рейтингке «Қайрат» клубында өнер көрсететін 17 жастағы шабуылшы Дастан Сәтпаев та енді. Өткен маусымда жас футболшы алматылық команда құрамында 19 рет мергендігімен көзге түсіп, Еуропадағы ең нәтижелі жас таланттардың бірі ретінде аталды.
Бұл көрсеткіш бойынша қазақстандық футболшыдан тек үш ойыншы ғана алда тұр. Солардың бірі — «Барселона» вингері Ламин Ямаль, ол 21 гол соғып, Сәтпаевтан небәрі екі допқа артық нәтиже көрсетті. Ал рейтингтің жоғарғы сатысында «Мидтьюлланд» шабуылшысы Франкулину Джу (23 гол) мен «Порту» футболшысы Саму Агехова (25 гол) орналасқан.
Айта кетейік, Дастан Сәтпаев 2026 жылдың тамыз айында кәмелет жасына толған соң «Челси» клубымен ресми түрде келісімшартқа отырады. Қазіргі таңда ол 2024 жылдан бері «Қайрат» сапында ойнап жүр.