Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі жетінші турда “Қарабақ” германиялық “Айнтрахтты” 3:2 есебімен жеңген болатын.
Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі жетінші турда “Қарабақтың” германиялық “Айнтрахтты” 3:2 есебімен жеңгеннен кейін арнайы мәлімдеме жариялады. Бұл туралы Championat.com хабарлады.
Мемлекет басшысы “Қарабақтың” камбэк жасаған жеңісін жоғары бағалап, матчтағы төрешілікке байланысты наразылығын ашық білдірді:
“Футболдан Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде “Айнтрахт” клубын әдемі ойынмен жеңген “Қарабақты” шын жүректен құттықтаймын! Төрешінің әділетсіз әрі біржақты шешімдеріне қарамастан, әділдік салтанат құрды. Бұл — УЕФА тағайындаған төрешілердің “Қарабақтың” жеңісті жолына кедергі келтіруге тырысқан алғашқы жағдайы емес. УЕФА бұл арбитрдің кім және қандай негізде тағайындалғанын түсіндіреді деп үміттенемін. Әділдік пен сынбас рухты ешкім жеңе алмайды. “Қарабақ” жасасын!» — деп жазды Әлиев әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазіргі таңда «Қарабах» Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде 10 ұпаймен 18-орында тұр. Әзербайжандық клуб плей-оффқа шығу жолындағы күресін жалғастырып келеді.