"Манчестер Юнайтедтің" экс-шабуылшысы ҚПЛ клубымен келіссөз жүргізуде

Сарапшы, спорт журналисі

Ағылшын Премьер-лигасының бірқатар клубтарында өнер көрсеткен нигериялық шабуылшы енді ҚПЛ клубында өнер көрсетуі мүмкін.

"Манчестер Юнайтедтің" экс-шабуылшысы ҚПЛ клубымен келіссөз жүргізуде
Одион Игало

"Гранада", "Уотфорд", "Манчестер Юнайтед" және өзге де клубтарда өнер көрсеткен нигериялық шабуылшы Одион Игало Қазақстан Премьер-Лигасындағы командалардың біріне ауысуы мүмкін. Бұл туралы AmanVIBE хабарлайды.

Игало "Уотфорд" жейдесінде

2021 жылдан бері Сауд Арабиясында ойнап жүрген Нигерия құрамасының шабуылшысы "Манчестер Юнайтедтен" кеткеннен кейін Таяу Шығыс чемпионатында өнер көрсетті. Қазіргі таңда 36 жастағы футболшының ҚПЛ клубтарының бірімен келіссөз жүргізіп жатқаны айтылуда. Алайда қай команда екені әзірге белгісіз.

Дереккөздің мәліметінше, Нигерия құрамасы тарихындағы ең нәтижелі шабуылшылардың бірі саналатын Игало соңғы ресми ойынын 2025 жылдың маусым айында өткізген. Оның соңғы клубы — Сауд Арабиясының "Аль-Вехда" командасы.

Нигериялық шабуылшы соңғы клубтарында біраз гол соққан

Одион Игало мансабы барысында жоғары нәтижелілігімен танылған. Англияның "Уотфорд" клубында ол 90 матчта 36 гол соқса, Қытайдың "Чанчунь Ятай" командасында 55 кездесуде 36 рет қарсылас қақпасын дәл көздеген. Ал "Шанхай Шэньхуа" сапында 17 ойында 10 гол авторы атанды.

Сауд Арабиясы чемпионатында да Игало жоғары деңгейін сақтап қалды: "Аль-Шабаб" құрамында 31 матчта 21 гол, ал "Аль-Хиляль" сапында 40 ойында 31 гол соққан.

Transfermarkt порталы нигериялық шабуылшының нарықтық құнын 600 мың еуро деп бағалап отыр.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір