Абат Айымбетов Еуропалық клубқа ауысуға жақын

Сарапшы, спорт журналисі

Ұлттық құрама шабуылшысы өткен жаздан бері еркін агент ретінде жүр.

Абат Айымбетов Еуропалық клубқа ауысуға жақын
ҚФФ

Қазақстан ұлттық құрамасының шабуылшысы Абат Айымбетов жақын уақытта ресми түрде Румынияның Плоешти қаласындағы "Петролул" клубының ойыншысы атануы мүмкін. Бұл туралы GSP басылымы хабарлайды.

Тараптар арасындағы келіссөздер Румыния чемпионатындағы "Униря Слобозияға" қарсы өткен матчта "Петролулдың" 1:0 есебімен жеңіске жетуінен кейін жандана түсті. Румыниялық БАҚ-тың мәліметінше, тараптар қағидаттық келісімге келіп қойған, ал келісімшартқа қол қою жуық арада жүзеге асады деп күтілуде.

Абат Айымбетов – Қазақстан ұлттық құрамасының негізгі ойыншыларының бірі, халықаралық деңгейде мол тәжірибесі бар футболшы. Ол ұлттық құрама сапында 45 матч өткізіп, 9 гол соққан. Сондай-ақ жастар құрамасында 23 ойында 7 голдың авторы атанған.

Шабуылшының соңғы клубы Түркия Суперлигасында өнер көрсететін "Адана Демирспор" болды. Бұл команда құрамында қазақстандық футболшы 36 матчта 6 рет мергендік танытты. Өткен жылдың жазында Айымбетов клубтан кетіп, еркін агент мәртебесінде болды.

Бұған дейін Айымбетов Қазақстанда "Ақтөбе", "Қайрат" және "Астана" сапында өнер көрсетті. Сондай-ақ Ресейде Самараның "Крылья Советов" клубында ойнаған. Клубтық мансабында ол үш рет Қазақстан чемпионы атанып, барлығы 179 матчта 54 гол мен 13 нәтижелі пас тіркеген.

Transfermarkt порталының бағалауынша, Абат Айымбетовтің нарықтық құны 400 мың еуроны құрайды.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір