Бастапқыда жобаның сыйымдылығы 35 мың орын деп жоспарланған еді. Бұл шешім өзгерді.
Алматы қаласында сыйымдылығы 45 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионы салынбақ. Жоба жүзеге асса, бұл нысан Қазақстандағы ең үлкен стадион болады.
Жаңа арена Медеу ауданында, Құлжа тас жолы бойында бой көтереді. Естеріңізде болса, қалалық билік заманауи стадион салу жоспарын алғаш рет 2025 жылдың жазында жариялаған еді. Бастапқыда жобаның сыйымдылығы 35 мың орын деп жоспарланды. Алайда кейінірек аренаны кеңейту мәселесі қаралып, нәтижесінде 45 мың орынға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды.
Жаңа стадион УЕФА-ның IV санат талаптарына сай болады. Бұл халықаралық деңгейдегі матчтар мен финалдық кездесулерді өткізуге мүмкіндік береді.
Жобада табиғи шөп жамылғысы бар футбол алаңы және 1000-нан астам автокөлікке арналған тұрақ қарастырылған.
Айта кетейік, қазіргі таңда Қазақстандағы ең үлкен стадион – "Астана-Арена". Сыйымдылығы шамамен 30 мың орын. Алматыдағы жаңа нысан бұл көрсеткіштен едәуір асып түседі.
Стадион құрылысы 2027 жылдың төртінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланған. Нысанның нақты құны әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Қазақстан 2029 жылғы қысқы Азия ойындарын өткізу құқығына ие болды. Сарапшылардың пікірінше, жаңа стадионды ашылу және жабылу салтанаттарын өткізу үшін пайдалануға болады.