Өткен маусымда ел чемпионатының үздік сұрмергені атанған футболшы енді ресейлік клубта өнер көрсетеді.
Албаниялық жартылай қорғаушы Назми Грипши мансабын Ресей Премьер-лигасында жалғастырады. 28 жастағы футболшы Қазанның «Рубин» клубымен 2029 жылдың жазыna дейін келісімшартқа қол қойды. Ол жаңа командасында 11-нөмірмен өнер көрсетеді. Бұл ақпаратты клубтың баспасөз қызметі ресми түрде жариялады.
Грипши бұған дейін Албанияның "Теута" және "Скендербеу", Косовоның "Балкани" клубтарында, сондай-ақ "Астана" сапында ойнаған. Елордалық командаға ол 2024 жылдың жазында "Балканиден" ауысып келген еді.
Қазақстан Премьер-лигасында Назми жоғары нәтижелілігімен көзге түсті. "Астана" құрамында 38 матч өткізіп, 22 гол соғып, 10 нәтижелі пас берді. Өткен маусымда ҚПЛ-де 16 гол және 7 ассист авторы атанып, чемпионаттың үздік сұрмергені болды. Ал 2025 жылғы маусымда барлық турнирде 36 ойынға қатысып, 18 гол мен 9 нәтижелі пас тіркеді. Оның ішінде Конференциялар лигасының іріктеу кезеңінде 6 матчта 2 гол және 2 ассист еншілеген.
Ресейлік журналист Иван Карповтың хабарлауынша, трансфер құны 35 миллион рубльді құраған (теңгеге шаққанда 225 милион). Футболшының айлық жалақысы 4 миллион рубль шамасында. Ол медициналық тексерістен сәтті өтіп, ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойған.
Сондай-ақ, "Рубинге" ауысуына албаниялық шабуылшы Мирлинд Дакудың ықпалы болғаны айтылып отыр.
Осылайша, Қазақстан чемпионатының үздік бомбардирі енді Ресей Премьер-лигасында өнер көрсетеді.