Жануарларды қорғау ұйымдары наразылық білдіріп, FIFA-ға тиісті өтініш те жолдаған.
2030 жылғы футболдан әлем чемпионаты қарсаңында Мароккода қаңғыбас иттерді жаппай қыру жоспарланып отыр. Британдық Daily Mail басылымы осындай ақпар таратты.
Жануарларды қорғау ұйымдарының мәліметінше, Марокко билігі әлем чемпионатына дайындық аясында шамамен үш миллион бұралқы итті жоюды көздеп отыр. Осылайша, қалаларды, әсіресе туристік аймақтарды "қауіпсіз әрі тартымды" етіп көрсетуді мақсат тұтқан. Сондықтан экобелсенділер барынша дабыл қаға бастаған.
Халықаралық жануарларды қорғау коалициясы ФИФА-ға 91 беттен тұратын ресми құжат жолдағанын мәлімдеді. Ұйым өкілдерінің айтуынша, құжатта Мароккода бұралқы иттерді жою фактілері туралы дәлелдер келтірілген. Алайда, зооқорғаушылардың сөзінше, әзірге ФИФА тарапынан ресми жауап болмаған.
Өз кезегінде ФИФА өкілі британдық басылымға берген түсініктемесінде Марокко әлем чемпионатын өткізуге өтінім берген кезде ветеринарлық инфрақұрылымды дамыту және қаңғыбас жануарларға көмек көрсету бағдарламаларын жетілдіру жоспарын ұсынғанын атап өткен.
2030 жылғы футболдан әлем чемпионаты 13 маусым мен 21 шілде аралығында өтеді. Турнир үш елде болады:
Сонымен қатар, мерейтойлық турнир аясында Уругвай, Аргентина және Парагвайда да бір-бір матчтан өткізу жоспарланған. Финал Мадридтегі "Сантьяго Бернабеу" стадионында өтеді деп күтілуде.
Әлеуметтік желілерде бұл ақпарат қызу талқыланып жатыр. Кейбір халықаралық ұйымдар Марокко билігін гуманистік тәсілдерді қолдануға, стерилизация және вакцинация бағдарламаларын кеңейтуге шақырып отыр.
Әзірге ресми шешім қабылданғаны туралы нақты ақпарат жоқ.