Қазақстандық футбол клубы миллион теңгеге сатылады
“Тұран” ФК мемлекеттік мүлік реестріндегі электронды сауда алаңына қойылып, бастапқы бағасы 1 054 000 теңге болып белгіленді.
Аукцион шарттары қандай?
Ресми ақпаратта әлеуетті қатысушыларға мына талаптар көрсетілген:
Кепілдік жарна: 158 100 теңге
Өтінім қабылдаудың соңғы уақыты: 3 наурыз, 09:55
Сауданың басталуы: 3 наурыз, 10:00
Жаңа иесіне қойылатын негізгі міндеттер
Лоттың “Tender conditions” бөлімінде сатып алушыға кемінде 10 жылға арналған бірқатар талап бекітілген. Атап айтқанда, жаңа иесі:
- клубтың профилін (футбол клубы ретінде бағытын) сақтауы;
- штат санын қысқартпай ұстауы;
- команда дамуына инвестиция құюы;
- жасөспірімдер футбол академиясын ашуы және футболды жүйелі дамытуы;
- әйелдер футбол командасын дайындауы;
- жаттығу базасының болуын қамтамасыз етуі, соның ішінде стадиондарды пайдалану бойынша келісімшарттар жасауы;
2027 жылдан бастап Қазақстан Премьер-Лигасына тұрақты түрде қатысуы тиіс.
Сонымен қатар шартта клубты сенімгерлік басқаруға беруге немесе үшінші тұлғаларға иеліктен шығаруға тыйым салынатыны да нақты жазылған.
Қосымша талаптар
Құжаттар тізімінде қатысушыдан футбол/спорт саласында кемінде 5 жылдық тәжірибені растайтын материалдар сұралады. Сондай-ақ, клубты дамытуға арналған есепшотта кемінде 200 млн теңге барын растайтын банк анықтамасы немесе банк кепілдігі талап етіледі.