Қазақстан Премьер-лигасының 3-турында "Астана" Қостанайдың "Тобылын" қабылдап, сенімді жеңіске жетті.
24-минутта Иван Башич елдордалықтарды алға шығарды. Ал тайм соңына қарай алаң иелері есеп айырмасын ұлғайтуға тамаша мүмкіндік алды. Әлібек Қасым пенальти орындағанымен “Тобыл” қақпашысы Сұлтан Бұсұрманов соққыны қайтарды.
Соған қарамастан “Астананың” басымдығы анық сезілді.
Үзілістен кейін қостанайлықтар таразы басын теңестіруге тырысты. Алайда “Астана” қорғаныста сауатты ойнап, қарымта шабуылдарға иек артты.
66-минутта Қасым өз қателігін түзеп, бұрыштамадан асырылған допты баспен дәл бағыттады. Бұл шабуылда Бауыржан Исламхан нәтижелі пас авторы атанды.
“Тобыл” да қауіпті сәттер ұйымдастырды. Соның бірінде Неманья Кавничтің соққысы қақпа маңдайшасына тиіп, қостанайлықтардың жолы болмады.
Осы жеңістен кейін “Астана” 7 ұпай жинап, “Ордабасымен” ұпай санын теңестірді. Сонымен қатар елордалық клуб турнирлік кестеде үшінші орында тұрған алматылық “Қайратты” ығыстырды.
Ал “Тобылдың” жағдайы қиындай түсті. Нұрбол Жұмасқалиевтің шәкірттері үш турдан кейін небәрі 1 ұпаймен турнир кестесінің соңында қалып отыр.