Иран құрамасының жұлдызы суретке бола командадан шеттетілді

Сарапшы, спорт журналисі

Иран футболының басты жұлдыздарының бірі Сердар Азмун ұлттық құрама сапынан тыс қалды.

Иран құрамасының жұлдызы суретке бола командадан шеттетілді
instagram/@sardar_azmoun

Сердар Азмунға қатысты даулы шешім шықты

Иран құрамасы тарихындағы үздік сұрмергендердің бірі саналатын Сердар Азмун ұлттық командадан шеттетілді. Бұл туралы шетелдік басылымдарға сілтеме жасалған мәліметтерде айтылды.

Дерекке сәйкес, бұған футболшының Дубай шейхы Мұхаммед бен Рашид Әл Мактуммен кездесуден кейін Instagram парақшасына жариялаған суреті түрткі болған. Осы әрекет Иран билігінің наразылығын тудырған.

Италияның “Рома”, Германияның “Байер” және Ресейдің “Зенит” клубтарында ойнаған шабуылшыға қатаң шара қолданылғаны хабарланды. Мәлімет бойынша, Иран құрамасы АҚШ, Канада және Мексикада өтетін әлем чемпионатына жолдама алған күннің өзінде Азмун ұлттық командаға шақырту алмауы мүмкін.

Қазір ол Біріккен Араб Әмірліктеріндегі “Шабаб Әл-Ахли” клубының намысын қорғап жүр.

Жарияланған фото үлкен сынға ұшырады

БАҚ мәліметінше, Сердар Азмун осы аптада әлеуметтік желідегі парақшасында Дубай билеушісімен түскен фотосын жариялаған. Кейін қоғамдағы сын күшейген соң футболшы бұл суреттерді өшіріп тастаған.

Алайда бұл қадам жағдайды өзгерте қоймаған. Иранның ұлттық телеарналарындағы сарапшылар спортшының әрекетін ашық сынап, оны құрама жейдесіне лайық емес деп бағалаған.

Футбол сарапшысы Мохаммед Мисаги Азмунның әрекетіне қатысты өте қатаң пікір білдірді. Оның айтуынша, ұлттық құраманың ойыншылары ел әнұранын мақтанышпен орындап, Иран жейдесін киюге лайық болуы керек.

Сарапшы сондай-ақ мұндай әрекетке төзім жоқ екенін айтып, футболшының ұстанымын орынсыз деп бағалады.

Иран футболындағы жағдай тағы да қызу талқыға түсті

Сердар Азмун төңірегіндегі бұл жағдай Иран футболындағы соңғы даулы оқиғалардың жалғасы іспетті қабылданды. Бұған дейін Иран әйелдер құрамасы Азия чемпионатының алғашқы матчында мемлекеттік әнұранды орындаудан бас тартқаны да кең талқыланған еді.

Кейін кейбір футболшылар Австралиядан баспана сұрағаны туралы ақпарат тарады. Дегенмен команда мүшелерінің басым бөлігі ақыры Иранға оралған.

Сердар Азмунның Иран құрамасындағы статистикасы

Сердар Азмун ұлттық құрамадағы алғашқы ойынын 2014 жылы өткізген. Содан бері ол Иран сапында 91 матчқа қатысып, 57 гол соққан. Бұл – команда тарихындағы екінші үздік көрсеткіштердің бірі.

Бұл туралы не ойлайсыз?
👍 0
👎 0
😂 0
😡 0
×
Футбол Теннис Жекпе-жек Хоккей Жаңалықтар Авто Бәрі-бір