Магомед Адиев ҚПЛ-дегі азулы клубпен келісімге келді

Сарапшы, спорт журналисі

Ресейлік маман Магомед Адиев жақын уақытта "Ақтөбе" ФК бас бапкері атануы мүмкін. Мәліметке сәйкес тараптар ынтымақтастықтың негізгі шарттарын өзара келісіп қойған.

Магомед Адиев ҚПЛ-дегі азулы клубпен келісімге келді
instagram/@magomedadiev

“Ақтөбені” тізгіндей ме?

ҚПЛ-дің жетекші клубтарының бірі саналатын “Ақтөбеге” жаңа бас бапкер ретінде Магомед Адиевтің келуі ықтимал. Бұл туралы журналист Ермұхамед Мәулен мәлімдеді.

Тараған ақпаратқа қарағанда 48 жастағы ресейлік маман клуб басшыларымен кездесіп, болашақ қызметіне қатысты барлық маңызды мәселелерді талқылаған. Нәтижесінде екі тарап ортақ мәмілеге келген.

“Ақтөбе” өтемақы төлеуге дайын

Қазір Магомед Адиев Ресейдің “Крылья Советов” клубында жұмыс істейді. Соған қарамастан “Ақтөбе” басшылығы бапкерді Қазақстанға қайтару үшін нақты қадам жасауға әзір көрінеді.

Мәлімет бойынша ақтөбелік клуб ресейлік командаға өтемақы төлеуге дайын. Бұл шешім Адиевтің жақын арада жаңа қызметіне кірісуіне жол ашуы мүмкін.

Қазақстан құрамасымен қандай жетістікке жетті?

Магомед Адиев қазақ футболы жанкүйерлеріне жақсы таныс. Ол 2022 жылдың сәуірінен 2024 жылдың мамырына дейін Қазақстан құрамасының бас бапкері болды.

Оның жетекшілігімен ел құрамасы 2022 жылғы Ұлттар лигасында елеулі серпіліс жасады. Өз тобында бірінші орын алып, тарихында тұңғыш рет В дивизионына көтерілді.

Сол топта қазақстандық команда Словакияны, Әзербайжанды және Беларусьті артта қалдырды.

Бұл нәтиже Магомед Адиевтің Қазақстан футболындағы ең сәтті кезеңдерінің бірі ретінде бағаланды.

“Ақтөбедегі” бапкерлік ауысым

Бұған дейін де “Ақтөбеде” бапкерлік штабқа қатысты өзгеріс болуы мүмкін екені айтылған еді. Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, клубтың қазіргі бас бапкері Николай Костов өз көмекшілерімен бірге қызметінен кетеді.

Сондай-ақ оған келісімшарттағы шарттарға байланысты өтемақы төленуі мүмкін екені де хабарланған.