Жанкүйерлер билет бағасы үшін ФИФА-ны сотқа бермек

Сарапшы, спорт журналисі

Әлемдік футболды басқару органы турнир билеттерінің бағасын белгілеу арқылы монополиялық жағдайын асыра пайдаланады деген айып тағылды.

Жанкүйерлер билет бағасы үшін ФИФА-ны сотқа бермек
Фото: Фабрис Коффрини/AFP

Шағым Еуропалық комиссияға жолданып, жағдайға араласу сұралды. Жанкүйерлердің негізгі наразылығы динамикалық баға жүйесіне қатысты. Бұл модель сұранысқа байланысты билет құнын өзгертіп отырады. Ұйымдар бұл тәжірибені әділетсіз деп санап, бағаны тұрақтандыруды және сату процесін ашық етуді талап етуде.

Бейресми мәліметтерге сәйкес, 2026 жылғы әлем чемпионатының финалына ең арзан билеттердің өзі 4000 доллардан асады. Ал кейбір алыпсатар платформаларда баға 160 мың еуроға дейін жеткен.

Сонымен қатар, арзан санаттағы билеттердің саны шектеулі болған. Мысалы, 60 долларлық билеттер сатылым басталмай жатып-ақ таусылған. Салыстырмалы түрде , Еуро-2024 финалындағы ең арзан билеттер 100 доллар болды.

Жанкүйерлердің айтуынша, мұндай баға саясаты қарапайым фанаттарды әлем чемпионатына көрермен болу мүмкіндігінен айырады.

"Сатылымдағы ең арзан финалдық билеттер қазір 4185 доллардан басталады. Бұл 2022 жылғы Әлем кубогының финалындағы ең арзан билеттен жеті есе қымбат. ФИФА 2026 жылғы Әлем кубогының билеттерін сатуда монополияға ие және бұл артықшылықты жанкүйерлерге бәсекелестік нарықта ешқашан қолайлы болмайтын жағдайларды енгізу үшін пайдаланады. Олар жанкүйерлерге басқа таңдау қалдырмайды".

Өз кезегінде ФИФА бұл шағымды ресми түрде алмағанын мәлімдеп, әзірге пікір білдіруден бас тартты. Ұйым сондай-ақ түскен табыс әлем бойынша футболды дамытуға қайта инвестицияланатынын атап өтті.

ФИФА мәліметіне сәйкес алдағы турнирге жеті миллионға жуық билет сатылған. Турнирге қызығушылық жоғары болғанымен, билет бағасына қатысты дау әлі де жалғасып жатыр. Еске сала кетсек, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексика елдерінде өтеді. Турнир 11 маусымда басталып, 48 команда қатысатын алғашқы әлем чемпионаты болады.