Өзбекстан президенті футбол клубтарына миллиардтар жұмсайды

Сарапшы, спорт журналисі

Өзбекстанда футбол клубтарын мемлекеттік деңгейде қаржыландыруға қатысты маңызды бастама көтерілді. 

Өзбекстан президенті футбол клубтарына миллиардтар жұмсайды
sputniknews.uz

Суперлига клубтарына қанша қаржы бөлінеді?

Журналист Нарзулла Сайдуллаевтың мәліметінше, егер президент қаулысы бекітілсе, онда элиталық дивизиондағы әр клубқа келесі көлемде қаржы қарастырылады:

  • 2026 жылы – әр клубқа 35 миллиард сум (1,38 млрд теңге);
  • 2027 жылы – әр клубқа 30 миллиард сум (1,19 млрд теңге);
  • 2028 жылы – әр клубқа 25 миллиард сум (988 млн теңге).

Яғни алдағы үш жылда Өзбекстан футболы бюджеттен тікелей қолдау алуы ықтимал.

Неліктен мұндай шешім қажет болды?

Соңғы уақытта Өзбекстан футболында қаржылық қиындықтар жиілеп кеткені айтылып жүр. Бұған дейін елдегі ірі демеушілер мен мемлекеттік компаниялардың бірқатары футбол клубтарын қаржыландырудан бас тартқан. Бұл жағдай бірнеше танымал команданың болашағына алаңдаушылық туғызды.

Әсіресе, ел футболындағы белгілі ұжымдар – "Бунёдкор", "Насаф" және "Бұхара" клубтарының жағдайы күрделене түскен.

Мәселе тек ірі командалармен шектелмейді. Ақпаратқа қарағанда "Динамо", "Сурхан", "Машъал" және басқа да бірқатар клубтардың қарызы бары белгілі болған. Осыған байланысты мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсету мәселесі күн тәртібіне шықты.

Өзбекстан футболын сақтап қала ма?

Егер бұл бастама толық жүзеге асса, онда Өзбекстан Суперлигасындағы клубтар қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізуі мүмкін. Мұндай қадам чемпионаттың сапасын сақтап қалуға, клубтардың жабылып қалуына жол бермеуге және ішкі бәсекені күшейтуге әсер етуі ықтимал.

Дегенмен мемлекеттік қаржының бөлінуі әзірге тек жоба деңгейінде қалып отыр. Құжаттың нақты қашан қабылданатыны және оның қандай шарттармен іске асатыны әлі белгісіз.