Шерхан Қалмырза алаңнан қуылып, Қазақстан шешуші сәтте күйреді
Румынияның Буфтя қаласында 19 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы Еуро-2026 турнирінің элиталық іріктеу кезеңінің екінші турында Қазақстан мен Украина құрамалары кездесті.
Қалмырзаның қызыл қағазына дейін ойын тең өтті
Кездесудің алғашқы минуттарында екі команда да бір-біріне лайық қарсылық көрсетті. Қазақстан алаңда сенімді көрініп, Украинамен тең дәрежеде ойнады. Бірақ матч тағдырын өзгерткен сәт 30-минутта тіркелді.
Қазақстан құрамасының қақпашысы Шерхан Қалмырза айып алаң сыртында қарсылас шабуылшысына қарсы өрескел ереже бұзып, тікелей қызыл қағаз алды. Осы сәттен кейін команда сан жағынан кем ойнауға мәжбүр болды.
Украина басымдықты толық пайдаланды
Бір ойыншыға артық болған Украина құрамасы бірінші таймның соңына қарай есеп ашты. 44-минутта Владислав Тютюнов мергендігімен көзге түсті.
Үзілістен кейін украиналықтар қысымды күшейтіп, артықшылықты еселей түсті. Екінші таймда Александр Каменский есепті 2:0-ге жеткізсе, матчтың соңына таман Дмитрий Богданов үшінші голды соғып кетті.
Еске салсақ, элиталық іріктеу кезеңінің алғашқы турында Қазақстан құрамасы Румынияны күтпеген жерден 2:0 есебімен ұтқан. Енді қазақстандық жасөспірімдер 31 наурыз күні Солтүстік Ирландиямен кездеседі.
Айта кетейік, 2026 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңі жазда Уэльсте өтеді. Бұл топтан финалдық кезеңге тек бірінші орын алған құрама жолдама алады.