Кения мен Танзанияны шаң қаптырдық. Қазақстан FIFA рейтингінде жоғарылады
Футболдан Қазақстан құрамасы FIFA Series турниріндегі сәтті ойынынан кейін ФИФА рейтингіндегі орнын жақсартты.
Ұлттық құрама екі сатыға көтерілді
Жаңартылған FIFA рейтингінде Қазақстан құрамасының еншісінде 1182,96 ұпай бар. Осы көрсеткіштің арқасында ұлттық команда бұған дейінгі орнынан екі сатыға көтеріліп, 112-орынға шықты.
Астанада өткен халықаралық FIFA Series турнирі Қазақстан құрамасы үшін өте сәтті аяқталды. Ұлттық команда екі кездесуде де жеңіске жетіп, рейтинг қоржынына 5,15 ұпай қосты. Осының нәтижесінде Қазақстан Кенияны және Танзанияны басып озды.
Қазақстан құрамасы өз алаңындағы турнирде екі матч өткізді. 25 наурызда өткен алғашқы кездесуде Талғат Байсуфиновтың шәкірттері Намибия құрамасын 2:0 есебімен жеңді. Кейін Комор аралдарын 1:0 есебімен ұтып, турнирді жеңіспен түйіндеді.
Қарсыластар рейтингте төмендеді
Қазақстанға қарсы өткен жолдастық матчтардан кейін екі қарсылас та FIFA рейтингінде кері шегінді:
- Намибия — екі орынға төмендеп, 120-орынға түсті;
- Комор аралдары — үш сатыға сырғып, 109-орынға орналасты.
Айта кетейік, Қазақстан өз тарихында алғаш рет FIFA Series 2026 турнирінің қожайыны болды.