"Тобыл" Ресей құрамасында жұмыс істеген маманды қатарға қосты

Сарапшы, спорт журналисі

Қостанайлық клуб білікті бапкермен күшейді. 

"Тобыл" Ресей құрамасында жұмыс істеген маманды қатарға қосты
sport5.by

Тәжірибелі маман

"Тобыл" ФК жаңа маманның қосылғанын ресми түрде хабарлады. Клубтың баспасөз қызметінің мәліметінше, ұжым құрамына беларусьтік маман Мирослав Ромащенко үйлестіруші-консультант лауазымына тағайындалды.

Әзірге 52 жастағы маманмен жасалған келісімшарттың мерзімі мен өзге де талаптары жарияланған жоқ.

Қай командаларда жұмыс істеді?

Мирослав Ромащенко футболдағы еңбек жолында бірнеше танымал клубта және құрама командада қызмет атқарған тәжірибелі маман саналады. Әр жылдары Ресейдің "Томь" және "Ахмат" клубтарын жаттықтырды.

Бұдан бөлек Станислав Черчесовтің жаттықтырушылар штабына кіріп, бірқатар командада еңбек етті. Атап айтқанда Пермьдің "Амкарында", Мәскеудің "Динамосында", Польшаның "Легиясында", Ресей құрамасында, Венгрияның "Ференцварош" клубында жұмыс істеген.

Соңғы қызметі Екатеринбургтің "Урал" клубымен байланысты болды. Ол командада бас бапкер міндетін атқарған.