Карло Анчелотти бес дүркін әлем чемпиондарын 2030 жылға дейін жаттықтырады

Сарапшы, спорт журналисі

Бразилия құрамасының бас бапкері Карло Анчелотти ұлттық командадағы жұмысын 2030 жылға дейін жалғастырады. 

Карло Анчелотти бес дүркін әлем чемпиондарын 2030 жылға дейін жаттықтырады
instagram/@mrancelotti

Анчелоттидің Бразилиядағы қызметі жалғасады

ESPN таратқан мәліметке сәйкес, итальяндық маман Бразилия футбол конфедерациясымен жаңа келісімге келіп, жылына 10 миллион еуро көлемінде жалақы алады.

Еске салайық, Карло Анчелотти Бразилия құрамасының тізгінін былтыр 26 мамырда ұстады.

Анчелоттидің келуі Бразилия құрамасы үшін тарихи оқиға ретінде бағаланды. Ол соңғы 60 жыл ішіндегі құраманы жаттықтырған алғашқы шетелдік бас бапкер атанды.

Алғашқы матчтарды әлем чемпионаты іріктеуінде өткізді

Анчелоттидің басшылығымен Бразилия құрамасы алғашқы ойындарын 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде өткізді. Маусым айындағы дебюттік кездесулерде бразилиялықтар Эквадор және Парагвай құрамаларымен ойнады.

Осы жазда Бразилия құрамасы АҚШ, Мексика және Канадада өтетін әлем чемпионатына қатысады. Сондықтан федерация тәжірибелі бапкермен ұзақмерзімді жобаны жалғастыру туралы шешім қабылдағаны аңғарылады.

Бастапқыда келісімшарт 2026 жылғы әлем чемпионаты аяқталғанға дейін ғана есептелген еді.