ФИФА Испаниядағы исламофобиялық дауға қатысты тергеу бастады

Сарапшы, спорт журналисі

ФИФА Испания футбол федерациясына қатысты тәртіптік тергеу бастады. Бұған Испания мен Египет құрамалары арасындағы жолдастық матч кезінде жанкүйерлердің исламофобиялық айқайлары себеп болды.

ФИФА Испаниядағы исламофобиялық дауға қатысты тергеу бастады
Reuters

Ұлттық құрамалар арасындағы кездесу 31 наурыз күні Барселонадағы “RCDE” стадионында өтті. Ойын барысында трибуналардың бір бөлігінде жанкүйерлер “Кім секірмейді сол мұсылман” деген мазмұнда ұран айтып, стадион экранында ксенофобиялық әрекеттерге жол бермеу туралы ескертуге мән бермеген.

Испанияның корольдік футбол федерациясы бұл әрекеттерді айыптады. Құраманың бас бапкері Луис Де ла Фуэнте мұндай жағдайларды “өрескел” деп атады. Ал “Барселона” жұлдызы Ламин Ямаль жанкүйерлердің әрекетін “құрметсіздік” деп бағалап, дінге қатысты қарсылықтарға футболда орын жоқ екенін айтты.

“Кеше стадионда "Кім секірмейді сол мұсылман" деген ұран айтылды. Мен фанаттардың бәрі бірдей емес екенін түсінемін, бірақ дінді қорлау ретінде алаңда осылай айтатындар , бұл әрекет сіздерді надан әрі нәсілшіл етеді. Футболдан рахат алу керек және адамдарды кім екеніне немесе діни сеніміне қарамастан құрметтеу керек”.

Испания полициясы мен Каталония құқық қорғау органдары оқиға аясында жеккөрушілік пен кемсітушілікті қоздыру бойынша бөлек тергеу жүргізіп жатыр. Ал Египет футбол қауымдастығы бұл жайтты “нәсілшілдіктің жиіркенішті көрінісі” деп атап, қатаң сынға алды. Сонымен қатар, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа бұл жағдай әсер етпейтіні айтылды.

Матч нәтижесі 

Ойын 0:0 есебімен аяқталды. Алайда қазір матч нәтижесі емес, жанкүйерлердің әрекеті басты тақырыпқа айналды. Бұл соңғы жылдары испан футболында үдеп бара жатқан дискриминациялық оқиғалардың бірі. Бұған дейін Винисиус Жуниор да бірнеше рет нәсілдік қорлауға ұшыраған.