Қазақстан кубогы. Тағы бір фаворит турнирден шығып қалды
"Қайрат" Қазақстан кубогының 1/8 финалында Қызылорданың "Қайсарынан" ұтылып, турнирдегі жолын аяқтады.
Ерте соғылған гол матч тағдырын өзгертті
Кездесу "Қайсар" үшін өте сәтті басталды. Төртінші минутта Айбол Әбікен айып добын орындағаннан кейін Шерхан Қалмырза допты қолынан шығарып алды. Осы сәтті тиімді пайдаланған Ерсұлтан Қалдыбеков есеп ашты.
Осыдан кейін екі команда да шабуыл алмасып, ойынды тартысты өткізді. Екінші таймда алаң иелері басымдығын арттырды. 61-минутта Батырхан Тәжібай мергендігімен көзге түсіп, "Қайсарды" екі доп айырмасымен алға шығарды.
"Қайрат" тек матч соңында жауап қатты. Қосымша уақытта, 93-минутта Азамат Тұяқбаев есепті қысқартты. Бірақ алматылық клубқа ойынды құтқаруға уақыт жетпеді.
"Қайсар" ширек финалда "Тобылмен" кездеседі
Осы жеңістен кейін "Қайсар" Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алды. Келесі кезеңде қызылордалық команда Қостанайдың "Тобылымен" кездеседі.
Сондай-ақ Қазақстан кубогының ширек финалында "Жеңіс", "Қызылжар" және "Жетісу" да өнер көрсетеді.