Нанидің дублі "Ақтөбені" Қазақстан кубогының ширек финалына шығарды (ВИДЕО)
Футболдан Қазақстан кубогының 1/8 финалында "Ақтөбе" семейлік "Елімайды" қабылдады.
Қақпашылар бірінші таймда көзге түсті
Матчтың алғашқы бөлігінде қос команда да бірнеше қауіпті сәт ұйымдастырды. Бірақ "Ақтөбе" қақпашысы Александр Заруцкий мен "Елімай" голкипері Владимир Стойкович сенімді ойнап, үзіліске дейін есеп ашылған жоқ.
Екінші таймда алаң иелері шабуылды күшейтті. 59-минутта португалиялық жұлдыз Луиш Нани айып алаңына сәтті еніп, "Ақтөбені" алға шығарды.
83-минутта Нани тағы бір мәрте мергендігімен көзге түсіп, дубль авторы атанды. Бұл гол "Ақтөбенің" ширек финалға шығуына шешуші үлес қосты.
Кездесу соңында "Елімай" сапынан Марин Беланчич 86-минутта алаңнан қуылды. Ал негізгі уақытқа қосылған минуттарда Рамазан Оразов қонақтардың жалғыз голын соғып, қорытынды есепті белгіледі.
Келесі қарсылас — "Алтай"
Қазақстан кубогының плей-офф кезеңіндегі бұл жеңістен кейін "Ақтөбе" ширек финалда Өскеменнің "Алтай»" клубымен ойнайды.
Ал "Елімай" турнирдегі жолын 1/8 финалда аяқтады.