УЕФА турнирі: Қазақстан алғашқы қарсыласын тас-талқан етті
Талғарда өткен ойында қазақстандық қыздар Эстонияны 5:1 есебімен ұтты.
Қазақстанның 16 жасқа дейінгі қыздар құрамасы УЕФА-ның Халықаралық даму турнирін сенімді жеңіспен бастады. Талғар қаласында өткен алғашқы матчта бұрымды футболшылар Эстония құрамасын 5:1 есебімен тас-талқан етті.
Голдар шеруі
Қазақстан құрамасы ойынның алғашқы минуттарынан-ақ басымдық танытты. Гол авторлары:
- Даяна Төлебаева (16-минут)
- Милена Николенко (20 және 48-минуттар)
- Нұрай Болатова (24-минут)
- Кәусар Алпысбай (56-минут)
Эстония құрамасы сапынан жалғыз голды Мерлин Тойрк 80-минутта соқты.
Юлия Мамонова баптайтын команда матч бойы ойын тізгінін өз қолында ұстап, шабуылда жоғары тиімділік көрсетті. Бұл нәтиже құраманың турнирге тыңғылықты дайындалғанын аңғартады.
Алда қандай матчтар бар?
Қазақстандық қыздар турнир аясында әлі Израиль және Өзбекстан құрамаларымен кездеседі.
Айта кетейік, УЕФА-ның даму турнирі Талғар қаласында, Қазақстан футбол федерациясының базасында өтіп жатыр. Жарыс 8 мамырға дейін жалғасады.