"Челси" енді Хавиді бас бапкерлікке қарастырып жатыр

Футбол шолушысы

Ағылшындық команда жаңа маусым алдында бапкерлік штабты жаңартып, жобаны қайта құруды көздейді.

"Челси" енді Хавиді бас бапкерлікке қарастырып жатыр
pressball.by

"Челси" жаңа бапкер іздеп жүр

Соңғы кезеңдегі сәтсіз нәтижелерден кейін "Челси" басшылығы команданы жаңа деңгейге көтере алатын маман іздеуге кірісті. Энцо Мареска кеткеннен кейін клубта Лиам Розениор қысқа уақыт жұмыс істегенімен лондондық ұжым ұзақмерзімді жобаға лайық бапкер табуды мақсат етіп отыр.

"Ақсүйектердің" басты жоспары – команданы қайта түлетіп, Англия футболындағы жетекші клубтардың қатарына қайтару.

Еурокубок мәселесі жағдайды қиындатып тұр

Қазір "Челсидің" келесі маусымда еурокубокқа қатысу мүмкіндігі белгісіз. Команда Еуропа лигасына жолдама алу үшін Англия кубогында жеңіске жетуі қажет.

Бұл жағдай клубтың бапкер таңдаудағы жоспарына да әсер етуі мүмкін. Себебі жаңа маманға тек құрамды күшейту емес, психологиялық тұрғыдан да қайта құру міндеті жүктеледі.

Бұған дейін Фабрегас пен Ираола да аталған

Бұған дейін бірнеше бапкердің кандидатурасын қарастырылған. Олардың қатарында Сеск Фабрегас та болды. Бірақ испаниялық маман "Комодағы" жұмысын жалғастыруды жөн көрген.

Сонымен қатар "Борнмуттан" маусым соңында кетуі мүмкін Андони Ираоланың есімі де аталды.

Қазір "Челси" басшылығы үшін басты кандидаттардың бірі — Хави Эрнандес. Ол 2024 жылы "Барселонадан" кеткеннен бері жұмыссыз жүр.

Лондондық клуб Хавидің футболға деген көзқарасын, допқа иелік етуге негізделген стилін және шабуылға басымдық беретін тактикалық философиясын жоғары бағалайды.

Англияда маман "Барселонадағы" тәжірибесінен сабақ алып, жаңа үлкен жобаға дайын деген пікір бар.

Балама үміткерлер де бар

Хавиден бөлек, "Челси" тізімінде тағы бірнеше бапкер бар. Олардың арасында Франческо Фариоли мен Хаби Алонсоның есімдері аталады.

Дегенмен лондондық клубтың нақты шешімі маусым қорытындысына және команданың еурокубокқа жолдама алу-алмауына байланысты болуы мүмкін.