"Вальверде есінен танып қалды": RMC Sport "Реалдағы" жанжалдың мән-жайын хабарлады
Орельен Тчуамени мен Федерико Вальверде арасында үлкен жанжал шыққаны айтылды.
Жанжал жаттығу кезінде басталған
RMC Sport басылымының хабарлауынша, Тчуамени мен Вальверде арасындағы шиеленіс бір күн бұрын басталған. Жаттығу барысында Орельен Тчуамени абайсызда Федерико Вальвердеге соққы жасап қалған.
Бұл жағдай уругвайлық жартылай қорғаушыға ұнамаған. Жаттығудан кейін екі футболшы киім ауыстыратын бөлмеде сөзге келіп, арада түсініспеушілік туындаған.
Келесі күні жағдай одан әрі ушыға түскен. RMC Sport мәліметінше, жаттығу алдында Вальверде Тчуаменидің қолын алудан бас тартқан. Кейін жаттығу кезінде Вальверде француз футболшысын аяғынан шалмақ болған. Осы сәттен кейін екі ойыншы қайтадан бір-біріне наразылық білдіріп, арадағы дау күшейген.
Киім ауыстыратын бөлмедегі төбелес
Жаттығу аяқталған соң жанжал киім ауыстыратын бөлмеде жалғасқан. Дереккөздің жазуынша, футболшылар арасында төбелес шыққан.
Командаластары екі ойыншыны ажыратуға тырысқанымен қақтығыс кезінде Вальверде құлап, басынан жарақат алған. Сонымен қатар есінен танып қалғаны хабарланды.
Осыдан кейін уругвайлық футболшы ауруханаға жеткізілген. Онымен бірге команданың бас бапкері Альваро Арбелоа да барғаны айтылды.
“Реал” ресми пікір білдірмеді
Мадридтік клуб бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаудан бас тартқан. Алайда ақпаратқа сәйкес, “Реал” екі футболшыға да тәртіптік жаза қолдануды жоспарлап отыр.
Оқиғаның Испания чемпионатындағы “Барселонаға” қарсы матчқа үш күн қалғанда болғаны жағдайды одан әрі ушықтыра түсті.