"Командадан тек эмблема мен жанкүйерлер қалды". Самат Смақов "Ақтөбедегі" жағдай туралы
Қазақстан футболының ардагері, "Ақтөбе" мен ұлттық құраманың бұрынғы капитаны Самат Смақовтың айтуынша, маусым басында чемпиондыққа үміткер саналған клуб әзірге жанкүйер күткен деңгейде өнер көрсете алмай жүр.
Смақов “Ақтөбенің” ойынына алаңдаулы
Самат Смақов Қазақстан Премьер-лигасының жаңа маусымындағы “Ақтөбенің” нәтижесіне қатысты ойын ашық айтты. Экс-футболшының сөзінше, командаға тұрақтылық пен нақты жүйе жетіспейді.
“Әрине, өз алаңыңда емес, басқа стадиондарда ойнау оңай емес. Футболшылар әр бұдырын білетін үйреншікті алаңынан, өз жанкүйерлерінен алыста болды. Сол себепті көп ұпай жоғалтты. Қазір команда үйіне оралды. Жанкүйерлер футболшылардың босаңсуына жол бермей, оларды алға жетелейді деп ойлаймын”, — деді Смақов.
“Командадан тек эмблема мен жанкүйерлер қалды”
Смақов “Ақтөбе” үшін уайымдайтынын жасырмады. Ол клубтың қазіргі жағдайы көңіл көншітпейтінін атап өтті.
“Командаға жаным ашиды. Өкінішті. Шынын айтсам, бүгінгі таңда командадан тек кеудедегі эмблема мен жанкүйерлер ғана қалғандай. Ұйымдастыру жағы жетіспейді. Тырысып жатыр, бірақ әзірге бар нәрсе — эмблема мен жанкүйерлер”, — деді ол.
Бұл пікір “Ақтөбенің” маусым басындағы жоғары үмітті ақтай алмай отырғанын көрсетеді.
Турнирлік кестеде қай орында?
“Ақтөбе” ҚПЛ-дың сегіз турынан кейін 10 ұпаймен тоғызыншы орында тұр. Маусым алдында команда чемпиондыққа таласатын негізгі үміткерлердің бірі ретінде аталған.
Бірақ алғашқы турлардағы тұрақсыз ойын мен жоғалған ұпайлар клубтың жағдайын қиындатып жіберді. Сәтсіз нәтижелерден кейін бірқатар өзгеріс жасалды. Команда бас бапкерін ауыстырды. Сонымен қатар клубтан бас директор Арман Оспанов пен спорт директор Марат Хайруллин кетті.
Бұл өзгерістер команда ішіндегі жағдайдың күрделі екенін аңғартады.
Команда өз алаңына оралды
“Ақтөбе” соңғы уақытқа дейін туған қаласында тұрақты ойнай алмады. Команда бірнеше “үйдегі” кездесуін Түркістандағы стадионда өткізуге мәжбүр болды. Ал футболшылардың базасы мен жаттығу процесі Астанада ұйымдастырылған.
Клуб жақында ғана Қобыланды батыр атындағы орталық стадионға қайта оралып, өз жанкүйерлерінің алдында матч өткізді.