Миллиардтаған қаражат. "Қайраттың" Чемпиондар лигасынан қанша тапқаны жарияланды
Алматылық клуб сегіз матч өткізіп, бір ұпай еншілеген болатын. Турнирді 36-орында аяқтады.
Алматылық "Қайрат" үшін биылғы еурокубок маусымы қаржылық тұрғыдан тиімді болды. Қазақстандық клуб алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңінде өнер көрсетіп, УЕФА тарапынан 21,2 миллион еуро көлемінде сыйақы алды. Жуырда Еуропа футбол қауымдастықтары одағы биылғы маусымда еурокубок турнирлерінің жалпы кезеңіне қатысқан 108 клубтың қанша табыс тапқанын жариялады.
Бұл сома шамамен 11 млрд 617 млн теңгеге тең. Дегенмен, Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне қатысқан клубтар арасында "Қайраттың" табысы ең төмен саналады.
Барлық турнир қатысушылары арасында ең көп табыс тапқан клуб лондондық "Арсенал" саналады. Ағылшын клубы 143,2 миллион еуро сыйақы алған.
"Қайрат" үшін тарихи маусым
"Қайрат" биыл алғаш рет Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне шықты. Алматы клубы Еуропаның ең беделді клубтық турнирінде сегіз матч өткізіп, бір ұпай жинады.
Турнир кестесінде команда 36-орынға тұрақтады. Спорттық нәтиже жоғары болмағанымен, "Қайрат" үшін бұл маусым тарихи мәнге ие болды.
Еуропа лигасында кім көп табыс тапты?
Еуропа лигасында ең жоғары табыс ағылшынның "Астон Вилла" клубына бұйырды. Бирмингемдік команда шамамен 35 миллион еуро сыйақы алған.
Ал ең төменгі көрсеткіш швециялық "Мальмё" клубында тіркелді. Швеция өкілі 6,6 миллион еуро табыс тапты.
Өз кезегінде Конференция лигасында табыс бойынша испаниялық "Райо Вальекано" көш бастады. Клуб 17,8 миллион еуро көлемінде сыйақы иеленді.
Ал ирландиялық "Шелбурн" ең аз қаржы алған командалардың бірі болды. Оның табысы 4,4 миллион еуроны құрады.