"Астана" ӘЧ-2026 арқылы 115 млн теңге табыс табуы мүмкін
ФИФА әлем чемпионатына шақырылған футболшылардың клубтарына арнайы өтемақы төлейді.
"Астана" футбол клубының жартылай қорғаушысы Иван Башич Босния және Герцеговина құрамасы атынан 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын ойыншылар тізіміне енді. Соның арқасында елордалық клуб мол пайдаға кенелуі мүмкін. Себебі ФИФА әлем чемпионатына шақырылған футболшылардың клубтарына арнайы өтемақы төлейді.
ФИФА клубтарға күн сайын ақша төлейді
ФИФА-ның Club Benefits Programme жүйесі бойынша әлем чемпионатына қатысатын футболшылардың клубтары өтемақы алады. Бұл бағдарлама ұлттық құрамаларға ойыншы жіберген клубтарға қаржылық қолдау көрсету үшін енгізілген.
Санға салсақ, ФИФА әр ойыншы үшін клубтарға күніне кемі 11 мың доллар төлейді. Футболшының құрамасы топтық кезеңнен ары аса алмаса да, клуб шамамен 250 мың доллар табыс табуы мүмкін.
Қазіргі бағаммен бұл сома 115 миллион теңгеден асады. Демек, Иван Башич Босния және Герцеговина құрамасымен әлем чемпионатына қатысса, "Астана" қомақты қаржыға кенелуі мүмкін.
Боснияның топтағы қарсыластары
2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Босния және Герцеговина құрамасы Канада, Қатар және Швейцариямен ойнайды. Егер Босния құрамасы келесі кезеңге өтсе, "Астананың" алатын өтемақысы да сәйкесінше арта түседі.
Башич ҚПЛ тарихына енді
24 жастағы Иван Башич Қазақстан Премьер-лигасы тарихында әлем чемпионатына қатысатын алғашқы футболшы атанғалы тұр.
Биылғы маусымда Башич елордалық клуб сапында тоғыз матч өткізді. Оның еншісінде бір гол және екі нәтижелі пас бар.