Дик Адвокаат Кюрасао құрамасына қайта оралады

Бокс шолушысы

Әйгілі нидерландтық маман Дик Адвокаат араға үш ай салып, Кюрасао футбол құрамасының бас бапкері қызметіне қайта келмек. 

Дик Адвокаат Кюрасао құрамасына қайта оралады
rusfootball.info

78 жастағы Адвокаат биыл 23 ақпанда отбасылық жағдайға байланысты қызметінен кеткен еді. Нақтырақ айтқанда қызының денсаулығына қатысты мәселе туындап, бапкер құрамамен жұмысын уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.

БАҚ мәліметінше, қазір қызының жағдайы жақсарған. Осыдан кейін Кюрасао құрамасының футболшылары мен демеушілері Адвокааттан командаға қайта оралып, алдағы мундиальға дайындықты жалғастыруды сұраған.

Голландиялық маманның ресми түрде қызметіне қайта кірісетіні жақын уақытта жариялануы мүмкін. Адвокаат болмаған кезеңде Кюрасао құрамасын оның отандасы Фред Руттен жаттықтырды.

Айта кетейік, Дик Адвокаат Кюрасао құрамасын екі жыл бұрын қабылдаған. Еуропаның бірқатар танымал клубында жұмыс істеп, мол тәжірибе жинаған маман арал мемлекетінің командасын тарихи жетістікке жеткізді.

Кюрасао құрамасы алғаш рет футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатына жолдама алды. Алдағы турнирдің топтық кезеңінде олар Германия, Эквадор және Кот-д’Ивуар құрамаларымен кездеседі.