Месси жалақысы ең жоғары футболшы атанды
Аргентиналық жұлдыздың "Интер Майамидегі" жылдық табысы 28,3 миллион долларды құрайды.
МЛС ойыншылар қауымдастығы жариялаған мәліметке сәйкес, Лионель Мессидің негізгі жалақысы 25 миллион доллар. Ал келісімшарттағы жалпы табыс көлемі 28,3 миллион долларға жеткен. Осылайша “Интер Майами” шабуылшысы үшінші жыл қатарынан жоғарғы футбол лиганың ең көп жалақы алатын ойыншысы болып қала береді.
Лигадағы қымбат ойыншылар кімдер?
Жарияланған рейтингте “Лос-Анджелес” сапындағы Оңтүстік кореялық ойыншы Сон Хын Мин екінші орында, шабуылшы жылына 11,1 миллион доллар жалақымен лидерлер қатарында. Үздік үштікті Родриго Де Пауль түйіндейді, жартылай қорғаушының табысы 9,6 миллион доллар. Сонымен қатар үздік бестікке Ирвинг Лосано (“Сан-Диего”) мен Мигель Альмирон (“Атланта Юнайтед”) енді.
Наурызда "Интер Майами" иесі Хорхе Мас Bloomberg-ке Мессидің жалпы табысы жылына 70-80 миллион долларды құрайтынын айтқан. Карьерасын аяқтағаннан кейін футболшы клубтың үлесін алуы мүмкін деген болжамдар да бар.
Месси флоридалық командаға 2023 жылы қосылып, америкалық лигадағы маусымның 64 матчында 59 гол соқты. Өткен маусымда ол 29 голмен лиганың үздік бомбардирі атанды. Аргентиналық футболшының командамен келісімшарты 2028 жылдың соңына дейін жарамды.