ҚПЛ-дің 10-туры: Жанкүйерлерді қандай тартыс күтіп тұр?
Қазіргі таңда Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде алматылық "Қайрат" бірінші орында келеді. Екінші сатыда Шымкенттің "Ордабасы" клубы орналасқан.
Қазақстан Премьер-лигасының 10-туры аясында өтетін матчтардың басталу уақыты жарияланды. Кезекті тур ойындары 16 және 17 мамыр күндері өтеді.
Бұл турда жанкүйерлер бірнеше маңызды кездесуге куә болады. Атап айтқанда, көш басындағы "Қайрат" сырт алаңда "Жеңіспен" ойнаса, екінші орында келе жатқан "Ордабасы" өз алаңында "Жетісуды" қабылдайды.
16 мамыр, сенбі
- 15:00 — "Ұлытау" – "Каспий"
- 17:00 — "Оқжетпес" – "Астана"
- 19:00 — "Ертіс" – "Елімай"
17 мамыр, жексенбі
- 16:00 — "Қызылжар" – "Алтай"
- 17:00 — "Жеңіс" – "Қайрат"
- 18:00 — "Ақтөбе" – "Атырау"
- 19:00 — "Қайсар" – "Тобыл"
- 20:00 — "Ордабасы" – "Жетісу"
"Қайрат" көш бастап тұр
Қазіргі таңда Қазақстан Премьер-лигасының турнирлік кестесінде алматылық "Қайрат" бірінші орында келеді. Команда 22 ұпай жинап, чемпиондық бәсекеде алда тұр.
Екінші сатыда Шымкенттің "Ордабасы" клубы орналасқан. Олардың еншісінде 19 ұпай бар. Үздік үштікті 16 ұпаймен Көкшетаудың "Оқжетпесі" түйіндеп тұр.
Турнир кестесінің төменгі бөлігінде жағдай күрделі
ҚПЛ-де қалу үшін күрес те қыза түскен. Қазіргі таңда "Қайсар" мен "Алтай" турнирлік кестенің қауіпті аймағында қалып отыр. Қызылордалық клубтың еншісінде 5 ұпай болса, "Алтай" 6 ұпай жинаған.
Осы тұрғыдан алғанда, 10-турдағы "Қызылжар" – "Алтай" және "Қайсар" – "Тобыл" кездесулері турнирлік жағдайға әсер етуі мүмкін.