"Ертіске" жаңа бас бапкер тағайындалды

Бокс шолушысы

Ол ел чемпионатында өткізген матч саны мен соққан голы бойынша рекорд орнатқан футболшы саналады.

"Ертіске" жаңа бас бапкер тағайындалды
Vesti.kz

Павлодардың "Ертіс" клубы жаңа бас бапкерін ресми түрде таныстырды. Команданы енді қазақстандық белгілі маман Нұрбол Жұмасқалиев жаттықтырады.

Жұмасқалиев — Қазақстан чемпионатының рекордшысы

Нұрбол Жәрдемұлы Жұмасқалиев — Қазақстан футболы тарихындағы ең нәтижелі әрі тұрақты ойыншылардың бірі. Ол ел чемпионатында өткізген матч саны мен соққан голы бойынша рекорд орнатқан футболшы саналады.

Бұрынғы жартылай қорғаушы Қазақстан чемпионатында 526 матч өткізіп, 167 гол соққан. Футболшы ретіндегі мансабының негізгі бөлігін Қостанайдың "Тобыл" клубында өткізгенімен, 2017 жылы "Ертіс" сапында да өнер көрсетті.

Жұмасқалиев ойыншы ретінде Қазақстан чемпионы атанып, Қазақстан кубогы мен Суперкубогын жеңіп алған. Сонымен қатар Интертото кубогының иегері.

Бапкерлік тәжірибесі де мол

Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін Нұрбол Жұмасқалиев "Тобыл" жүйесінде түрлі қызмет атқарды. Бапкер, менеджер және спорт директоры болып жұмыс істеді.

"Ертіске" дейін Жұмасқалиев Қостанай клубының бас бапкері болды. Сонымен қатар ол Қазақстанның ұлттық және жастар құрамаларында бас бапкердің көмекшісі қызметін де атқарды.

"Біз осындай беделді әрі тәжірибелі маманды павлодарлық клубта көргенімізге қуаныштымыз, "Ертіспен" бірге толағай табыстар тілейміз!", - делінген ресми хабарламада. 

Бапкерлер штабына кімдер кірді?

"Ертіс" клубы Нұрбол Жұмасқалиевтің көмекшілері де белгілі болғанын хабарлады. Оның бапкерлер штабында Данияр Мұқанов пен Олег Недашковский жұмыс істейді.