Ламин Ямаль жарақатына қарамастан әлем чемпионатына қатысады

Спорт шолушысы

Испания құрамасының бас бапкері Луис де ла Фуэнте жарақат алған негізгі футболшылардың әлем чемпионатына қатысу мүмкіндігіне байланысты пікір білдірді.

Ламин Ямаль жарақатына қарамастан әлем чемпионатына қатысады
Getty Images

Маманның айтуынша, бірнеше ойыншы мундиаль басталғанға дейін қатарға қосылады. Олардың қатарында сәуір айының соңында жарақат алған Ламин Ямаль да бар. Жас шабуылшы турнирге дейін толық қалпына келеді деп отыр бапкер. 

“Нико Уильямстың жарақаты онша ауыр емес. Ол үш-төрт аптадан кейін оралады. Ламин, Нико және Микель әлем чемпионатының алғашқы ойынына дайын болады, егер үлгермесе екінші немесе үшінші кездесуде алаңға шығуы мүмкін. Бұл біз үшін үлкен мәселе емес.”

Испания құрамасында жарақат алғандар көп

“Атлетик Бильбао” ойыншысы Нико Уильямс жуырда бұлшықет жарақатын алған. Ал “Арсеналдың” жартылай қорғаушысы Микель Мерино бірнеше айдан бері операциядан кейін қалпына келіп жатыр. Испания құрамасының бапкері қазір кез келген жарақаттың қауіпті екенін де атап өтті.

2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Испания топтық кезеңде Кабо-Верде, Сауд Арабия және Уругваймен кездеседі. Алғашқы матч 15 маусым күні Кабо-Верде құрамасына қарсы Атлантада өтеді.