Роналду чемпиондыққа жақындаған матчта жанкүйерлер мен шейхтер төбелесіп қалды

Бокс шолушысы

Сауд Арабиясындағы “Әл-Наср” мен “Әл-Хиляль” арасындағы тартысты кездесуден кейін әлеуметтік желіде жанжал түсірілген видео кеңінен тарады.

Роналду чемпиондыққа жақындаған матчта жанкүйерлер мен шейхтер төбелесіп қалды
tribuna.com

Әлеуметтік желілерде миллиондаған қаралым жинаған видеода “Әл-Наср” мен “Әл-Хиляль” жанкүйерлері арасында қақтығыс болғаны көрінеді. Кадрларда VIP-аймақта отырған бірнеше ер адам “Әл-Хиляль” формасын киген жанкүйерлерге таяқпен қарсы әрекет жасап жатқанын байқауға болады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, видеодағы ер адамдар – араб шейхтері. Ал жанжал кезінде қарсы тарап та таяқ лақтырып, кейін төбелеске ұласқан.

TyC Sports басылымы оқиғаны былай сипаттады:

“Таңғаларлық кадрларда ‘Әл-Хиляль’ жанкүйерлері ‘Әл-Наср’ трибунасында отырған араб шейхтеріне таяқ лақтырған. Шейхтер де таяқ алып, шыны қоршау арқылы шабуылға жауап берген. Сол сәтте олардың бірі оқиғаны ұялы телефонына түсіріп тұрған, бұл трибунадағы жанкүйерлердің ашуын одан сайын күшейткен”.

Роналду Сауд Арабиясындағы алғашқы чемпиондығына жақын болды

Айта кетейік, “Әл-Хиляль” мен “Әл-Наср” арасындағы кездесу тек трибунада емес, алаңда да өте шиеленісті өтті.

“Әл-Наср” 1:0 есебімен алда тұрған сәтте футболшылар арасында жаппай жанжал шықты. Ал қосымша уақытта “Әл-Хиляль” қарсылас қақпашысының қателігін пайдаланып, есепті теңестірді.

Матч 1:1 есебімен аяқталды. Бұл нәтиже “Әл-Насрға” ел чемпиондығын мерзімінен бұрын жеңіп алуға мүмкіндік бермеді. Егер Криштиану Роналду командасы жеңіске жеткенде португалиялық жұлдыз Сауд Арабиясына ауысқаннан кейін алғаш рет ұлттық чемпионаттың жеңімпазы атанар еді.

Еске салайық, Криштиану Роналду “Әл-Наср” сапында 2023 жылдың басынан бері өнер көрсетіп келеді.